Қазақстандық жас теннисші Грузиядағы жарыста абсолютті жеңімпаз атанды
Қазақстандық Арсений Требухин Грузия астанасы Тбилиси қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында өткен үшінші санаттағы жарыстың абсолютті жеңімпазы атанды.
11:35 13.06.2022
Алматы теннис мектебінің түлегі жекелей сында финалда осы турнирдің бірінші ракеткасы, ресейлік Артем Семеновті 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Бұл оның Еуропадағы алғашқы титулы еді. А.Требухин сонымен қатар алматылық Родион Лукашовпен бірге жұптық сында соңғы бәсекеде ресейліктер Иван Макаров – Мирослав Морозовтан айласын асырды – 7:5, 6:2.
Тбилисиде 16 жасқа дейінгілер арасында ақтөбелік Демид Горбачев финалға дейін жетіп, шешуші ойында Еуропаның 15-ракеткасы, ресейлік Сава Рыбакинге жол берді – 4:6, 6:7 (3:7).
Дегенмен Д.Горбачев жұптық сында есе қайырып, Мансұр Шәкенмен бірге финалда ресейліктер Владимир Кадобине – Антон Катарцевті ұтты – 6:2, 6:0.
Рига қаласында екінші санаттағы Еуропа додасында 12 жасқа дейінгілер арасында Жантөре Санжарұлы жекелей және жұптық сында финалист атанды. Финалда жекелей сында ол финляндиялық Алекс Тоумоллинге есе жіберді – 0:6, 3:6. Жұптық сында ұлыбританиялық Хаким Камалмен бірге латвиялық Густавс Бритц – А.Тоумоллиннен ұтылып қалды – 1:6, 2:6.
Черногорияда 18 жасқа дейінгілер арасында төртінші санаттағы ITF турнирінде қазақстандық Сати Әубәкірова жұптық сында финалға дейін жетті. Соңғы бәсекеде қытайлық Ифей Хуангпен бірге италиялықтар Анастасия Бертаччи – Франческа Гандолфиден жеңілді – 0:6, 4:6.
Сондай-ақ Шымкент қаласында ATF (Азия теннис федерациясы) сериясы бойынша 16 жасқа дейінгілер арасында халықаралық жарыс мәреге жетті. Мұнда бозбалалар арасында елордалық Вячеслав Куфельд жеңіс тұғырына көтерілді. Жұптық сында ақтөбелік Святослав Буреев пен шымкенттік Иманғали Рахымбаевтың бағы жанды. Қыздар арасында алматылық Полина Слепцованың мерейі үстем болды. Жұптық сында шымкенттік Әдемі Аманкелді мен өзбекстандық Шахзода Артықбаева чемпион атанды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!