Петропавлда жол апатынан бір адам көз жұмды
Петропавлдың айналма жолында екі жеңіл көлік соқтығысып, бір жолаушы мерт болды, тағы үшеуі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
17:03 13.06.2022
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы кеше түскі сағат 14:30 шамасында Петропавл айналма жолында, яғни Р-49 республикалық автожолының 12-шақырымында Жұмысшы кентіне кіреберісте болған. «Toyota Alphard» және «Nissan Patrol» автокөліктері соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Toyota Alphard» автокөлігінің 71 жастағы жолаушысы қаза тапты, тағы үш жолаушы қаладағы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тиісті анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видео тарады. Куә болғандардың айтуынша, жүргізуші жылдамдықты сақтамаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары