Ресейлік журналист Муратовтың Нобель медалі аукционда рекордтық бағада сатылды
Нобель сыйлығының лауреаты, ресейлік «Новая газета» басылымының бас редакторы Дмитрий Муратовтың медалі Heritage аукционында 103,5 миллион долларға сатылды.
10:15 21.06.2022
Аукцион Манхэттендегі New York Times медиа орталығындағы аукцион үйінің сайтында өтті.
Аукцион басталмас бұрын Дмитрий Муратовқа өз марапатын сатуға дайынсыз ба деген сұрақ қойылды, ол «иә» деп жауап берді.
Ставкалар 700 мың доллардан басталды, бірақ бірнеше минут ішінде медалға ұсыныс бірнеше миллион доллардан асты. 16,6 миллион доллар сомасынан кейін телефон арқылы белгісіз сатып алушы 103,5 миллион долларға ставка жасады, оны ешкім тоқтата алмады. Барлық қаражат ЮНИСЕФ халықаралық қорына аударылады.
Соңғы баға аукциондарда өткізілген Нобель медалінің бұған дейінгі рекордынан 20 есе асып түсті - 2014 жылы Christie's аукционында ДНҚ молекуласының құрылымын ашқан америкалық биолог Джеймс Уотсонның наградасы 4,76 миллион долларға бағаланған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!