ШҚО-да екі альпинист қаза тапты
ШҚО облысына қарасты Белуха тауында ресейлік 2 альпинист турист қайтыс болып, тағы 2 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
20:07 23.06.2022
«23 маусым күні сағат 10:00 шамасында Катонқарағай ауданының құтқарушыларына Көккөл ауданындағы Белуха тауында 4 альпинист турист қар көшкінінің астында қалды деген хабар түсті. Апат салдарынан 2 адам қайтыс болды. Біреуі 1992 жылы, екіншісі 1988 жылы туған Ресей Федерациясының азаматы. Одан бөлек 1990 жылы туған азамат зардап шеккен және 32 жастағы бір альпинист аман қалды», - делінген хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай туристерді құтқару үшін МИ-8 тікұшағы жіберілген.
«Оқиға орнына келген тікұшақ 1 метр биіктікте қалықтап тұрды. Бұл сәтте құтқарушылар қаза болғандардың денесін бортқа тиеді. Ал жарақат алған ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді», - дейді ведомстводан.
Сондай-ақ, баспасөз қызметі тікұшақпен құтқару жұмысы 3000 метр биіктікте жүргізілгенін және әуе кемесі бірнеше рейс жасағанын хабарлап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!