Жамбыл облысында нөсерлі жауыннан жолдарды су басып, мал өлді
Жамбыл облысында нөсерлі жауын салдарынан жолдарды су басып, сел жүрді, қорадағы мал өліп, көлік мінген адамдар су ортасында қалды.
11:46 24.06.2022
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 23 маусым күні сағат 20.00-де Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылында нөсер жаңбыр салдарынан Ырғайты өзенінің бойымен сел тасқыны өтті.
Салдарынан жеке тұрғын үйлердің 2 шаруашылық құрылысы қирады, ауыл жолдарын су басты.
«Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, мал шығыны бар. Жергілікті атқарушы органның комиссиясы келген залал мөлшерін анықтап жатыр», - деді ведомстводан.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер, 2 техника, жергілікті атқару органдарынан 5 қызметкер және 2 техника барған.
Бұдан бөлек, осы күні сағат 23:25-те Қордай ауданы, Шарбақты ауылынан 4 шақырым жерде Ырғайты өзенінің деңгейі күрт көтеріліп, арнасынан асқан.
«Өзен жағасында 11 адам демалып жатқан. Судың көтерілу салдарынан айналасын су басқан дөңес жерде 6 адам көлік ішінде қалып қойды. Сондай-ақ екпінді ағыс демалушылардың екінші көлігін шайып кетті.
24 маусымда сағат 01:15-те ТЖД құтқарушылары аралда қалған барлық адамды құтқарды. Оларға медициналық көмек қажет болмады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!