Алматыдағы саябақтардың бірінде оқушыны тоқ соқты
Алматыда саябақта достарымен ойнап жүріп қоршауға өрмелеген баланы тоқ соқты.
16:12 01.07.2022
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқушы ауруханаға ауыр халде жеткізілді.
«Тоққа түсіп қалған 2014 жылы туған А. есімді бала жедел жәрдем бригадасымен орталық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оқушыға алғашқы көмек көрсетіп, бірден күйік бөліміне жатқызды. Жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта. Протокол бойынша ем алып жатыр»,- деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.
Белгілі болғанындай оқыс оқиға Алатау ауданында болған.
Сегіз жасар бала жабдықталмаған саябақта достарымен ойнап жүріп қоршауға өрмелеген кезде тоқ соққан.
Алатау ауданының әкімдігіндегілер ойын алаңқайын салу мәселесі бойынша жұмыс істеліп жатқанын мәлім етті.
«Саябақты «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша жаңартуды қарастырып жатырмыз. Талап бойынша, комиссия қарап шешім қабылдауы керек. Содан кейін, тұрғындар ойын алаңын салу жобасына дауыс беретін болады», - дейді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ертіс Бесіров.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!