2025 жылға қарай батыс өңірлеріндегі тұрғындар табысы өседі
2025 жылға қарай атыраулықтардың табысы 18, маңғыстаулықтардың табысы 22 пайызға өседі.
Фото: Тұрар Қазанғапов
12:35 01.08.2022
Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атырау және Маңғыстау облыстарының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары инвестициялық жобаларды іске асыруға, жұмыс орындарын құруға, тұрғын үй және өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті дамытуға бағытталған.
Кешенді жоспарларда Атырау облысында 187 іс-шараны және Маңғыстау облысында 227 іс-шараны іске асыру көзделген. Кешенді жоспарларды іске асыру 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнімді Атырау облысы бойынша – 8,9 трлн теңгеге дейін және Маңғыстау облысы бойынша – 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды, Атырау облысы бойынша – 42 мың және Маңғыстау облысы бойынша – 55 мың жұмыс орынын құруды, Атырау облысы бойынша – 3,5 млн-нан астам және Маңғыстау облысы бойынша – 4 млн тұрғын үй шаршы метрін пайдалануға беруді, халықтың нақты табысын Атырау облысы бойынша – 18 пайызға және Маңғыстау облысы бойынша – 22 пайызға өсіруді қамтамасыз етеді», - деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның дерегінше, кешенді жоспарларды іске асыру аясында 2021 жылы Атырау облысы бойынша – 1 193 адам (тұрақты – 186 адам, уақытша – 1 007 адам) және Маңғыстау облысы бойынша – 13 894 адам (тұрақты – 3 891 адам, уақытша – 10 003 адам) жұмысқа орналастырылды.
«Осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Атырау облысы бойынша – 528 адам (тұрақты – 112 адам, уақытша – 416 адам) және Маңғыстау облысы бойынша – 9 295 адам (тұрақты – 977 адам, уақытша – 8318 адам) жұмысқа орналастырылды. Кешенді жоспарларды уақтылы орындау және іске асыру Үкіметтің бақылауында», - деді Әлихан Смайылов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!