Қарағанды әуежайына Гонконгтан жеткізілген 19 тонна жүк кедендік бақылаудан тыс өткізілмек болған
Қарағанды қаласының «Сары-Арқа» әуежайына Гонконгтан жеткізілген жүк дұрыс декларацияланбаған.
Фото: kgd.gov.kz
12:52 26.08.2022
Мұны «Әуежай-Қарағанды» кеден бекетінің қызметкерлері анықтады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұсынылған тасымалдау құжаттарын талдау барысында кедендік тасымалдаушы халықаралық пошта жөнелтілімдері түрінде жалпы массасы 19 тонна шоғырландырылған экспресс жүк тауарын мәлімдегені анықталды.
Кедендік ресімдеу регламентіне сәйкес халықаралық пошта жөнелтілімдері кедендік бақылау нысандарынан жеңілдетілген тәртіппен өтеді. Коммерциялық жүктер кедендік бақылаудың барлық нысандарын қолдана отырып, кедендік ресімдеуден өтеді. Тиісінше, халықаралық пошта жөнелтілімдері түріндегі коммерциялық жүкті декларациялай отырып, декларант кедендік бақылаудан жалтарады. Бұл – ЕЭК Шешімдерін бұзу», - делінген мәлімдемеде.
Қазір дұрыс декларацияланбаған тауарларға қатысты кедендік тексеру жүргізіліп жатыр. Белгілі болғанындай, оның ішінде қол сағаттары, компьютерлік пернетақта, балаларға арналған және басқа да заттар бар.
Материалдар Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті автоматтандырылған ақпараттық деректер қорының есебіне тіркелген.
Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ҚР Кеден кодексінің 34-бабына сәйкес, ЕАЭО кедендік аумағына әкелінетін тауарлар одақтың кедендік шекарасынан өткен сәттен бастап кедендік бақылауда болатынын еске салады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!