Қостанай облысында 5 ауылдың маңында орман өрті сөндіріліп жатыр
Қазіргі таңда Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындағы 5 ауыл аумағында өрт сөндіріліп жатыр. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігі жанынан ақпараттық штаб мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
11:17 05.09.2022
«5 қыркүйек таңғы сағат 09:00-дегі ақпарат бойынша орман аумағындағы 5 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар - Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдары. Өрт шарпыған жердің жалпы көлемі 5 шақырым», - делінген ақпараттық штаб таратқан хабарламада.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша бүгін Әулиекөл ауданының аумағында 31°C шамасында жоғары температура сақталады.
Желдің жылдамдығы 7 м/с дейін жетеді.
Ақпараттық штаб дерегінше, қазіргі таңда Новонежин ауылында Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің көмегімен зардап шеккендерді қабылдайтын шатырлар тігілген.
Өртті сөндіруге 224 техника мен 7 әуе кемесі жұмылдырылған. Сондай-ақ, жеке құрамның 1893 адамы қызыл жалынды ауыздықтау жұмысын жүргізіп жатыр.
Бұрын хабарлағанымыздай, Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындағы өрт салдарынан 98 үй өртеніп кеткен.
Сондай-ақ, тілсіз жау 1936 жылы туған бір тұрғынның өмірін жалмады. Ал өрт кезінде 10 адам жарақат алды. Оның төртеуі қазір ауруханада жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!