Тараз қаласына жаңа әкім тағайындалды
Президент Әкімшілігінің және Тараз қалалық мәслихатының келісімі бойынша Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Бақытжан Әмірбекұлы Орынбеков Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
11:19 05.09.2022
Бақытжан Орынбеков 1971 жылы туған.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «автомобиль және автомобиль шаруашылығы» және «тау-кен ісі» мамандықтары бойынша бітірген.
Ол еңбек жолын 1992 жылы Жамбыл қаласындағы «Заман» фирмасында бөлім бастығы болып бастаған.
Әр жылдары «Делдал» жеке кәсіпорны директорының орынбасары, «Жамбыл-Құпарлылық» АҚ-ның механигі, «Шығыс Таңы» Сауда-өндірістік компаниясы» ЖШС бас директоры, «Тараз көлік жолы» ЖШС президенті, Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс басқармаларының басшысы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС-де және «Волковгеология» АҚ-да түрлі басқарушы лауазымдарда еңбек еткен.
2016-2017 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» ШЖҚ РМК-ның бас директорының орынбасары, 2017-2018 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары, 2018-2021 жылдары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен өндіру компаниясы» АҚ-да департамент директоры, басқарушы директор – жобалық кеңсесінің басшысы, жобаларды басқару жөніндегі бас директор – басқарма мүшесі қызметтерін атқарған.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының активіне жаңа әкімді таныстырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, шаһардағы қордаланған мәселелерді шешу, дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!