Жанармай стансаларында сатылған дизель бірыңғай жүйе арқылы қадағаланады
ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов дизель тұтынушылардың деректерін тексеретін бірыңғай жүйенің қашан іске қосылатынын айтты.
15:18 05.09.2022
«Жүйені 15 қыркүйек қарай жасап шығарамыз. Одан ерте бастап кеткіміз келген. Бірақ техникалық мәселелер бар. Бүкіл жанармай құю стансалары ортақ бір жүйеге біріктіріледі – егер тұтынушы жанармайды лимиттік бағамен 230-260 теңгеден сатып алса, автоматты түрде базаға түседі», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сондай-ақ, ол аталған жүйеге ену үшін жанармай стансалары ешқандай ақы төлемейтінін мәлім етті.
«Осының арқасында тұтынушының келесі жанармай стансасынан қанша жанармай алғаны көрініп тұрады. Яғни, екі түрлі жанармай желісінен екі рет жанармай алса да, бәрі жүйеде көрініп тұрады. Өйткені жүйеде бүкіл желілер интеграцияланған. Жанармай стансалары үшін бұл қызметті тегін қылғымыз келеді. Қосылып, сатылым деректерін жүктеп отырса болды. Осы жүйе іске қосылғанда жанармай нарығындағы шынайы жағдайды көре аламыз», - деді Болат Ақшолақов.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!