{metadescription}
Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау бойынша республикалық қоғамдық қозғалыс құрылды

Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау бойынша республикалық қоғамдық қозғалыс құрылды

Қазақстанда «Тоқаевтың реформалары үшін» атты жалпыреспубликалық қоғамдық қозғалыс құрылды.

Қоғамдық қозғалысты құру жөніндегі бастаманы Мереке Құлкенов, Райымбек Баталов, Ақберен Елгезек, Сергей Пономарев, Бекнұр Қисықов, Дәурен Қуат, Дәулеткерей Кәпұлы, Әділ Ахметов, Назгүл Қарабалина, Марат Шибұтов және өзге де белгілі қоғам, саясат, мәдениет және спорт қайраткерлері, зиялы қауым мен бизнес-қоғамдастық өкілдері, қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары көтерген.

«Жалпы, 2019 жылы басталған Президент реформалары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. «Қайғылы қаңтар оқиғасынан» кейін қоғамды демократияландыру мен либералдандыру процестері қарқынды жүруде. Сондықтан біз азаматтық қоғам осы өзгерістердің бел ортасынан табылуы қажет деп санаймыз. Біздің қозғалыс үгіт-насихат үшін емес, процестерге қатысу үшін құрылған. Біз қазір реформаларды қолдап, осы маңызды кезеңді соңына дейін жеткізуіміз керек», - деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек.

Сондай-ақ ол Президентті қолдайтын қоғамдық қозғалыстың заңды ұйым емес екенін айтты.

«Қоғамдық қозғалыс ешқандай заңды ұйым ретінде тіркелген жоқ. Бүгінгі жиынға қатысушы азаматтар республиканың түкпір-түкпірінен жиналды. Алдағы уақытта қатарымызға тұрақтылық пен жарқын болашақты қолдайтын басқа да азаматтар қосылады деп сенеміз. Мақсатымыз туған жерімізді көркейту, еліміздің келешегін жарқын ету болған соң, іргелі өзгерісті бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты бәріміз қолдауымыз керек», - деді ақын.

Сонымен қатар аталмыш қозғалыс өкілдері қоғамға үндеу жариялады.

«Біз идеяның айналасына топтасуға шақырамыз. Елімізді саяси және экономикалық тұрғыдан реформалау – Жаңа Қазақстанға жеткізетін жол. Біз реформаны жақтаушылардың қаншалықты көп екенін көрсету үшін бірігейік деп отырмыз. Ал біздің өте көп екеніміз анық. Әрине, осы арқылы кімнің алға жылжығысы келмейтінін де, кімнің іштей не ашық түрде ескі Қазақстанды аңсайтынын да білеміз. Таңдау жасар сәт туды», - деді қоғам өкілдері үндеуде.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде