Ауа райына байланысты бірнеше бағытта пойыздар кешігіп жатыр
Елімізде ауа райының қолайсыздығынан кейбір пойыздар уақытынан кешігіп жатыр, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
Фото: © пресс-служба АО "Пассажирские перевозки"
17:18 04.01.2023
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін теміржол учаскелерінде қозғалыс жылдамдығына шектеу қойылды», - дейді ҚТЖ-дан.
Дәл қазір кешігіп жатқан пойыздар:
- № 3/4 және № 9/10 «Астана-Алматы»,
- № 45/46 «Павлодар-Түркістан»,
- № 51/52 «Алматы-Орал»,
- № 65/66 «Астана-Жезқазған»,
- № 71/72 және № 86/85 «Астана-Шымкент»,
- № 73/74 «Алматы-Жезқазған»,
-№ 105/106 «Алматы-Петропавл».
Сондай-ақ, ұлттық компаниядан пойыздардың қозғалыс кестесін қалпына келтіру бойынша қажетті шаралардың қабылданып жатқаны айтылды.
«Вокзалдарда пойыздардың кешігетіні хабарланып отыр. Хабарлама 1433 анықтама қызметі арқылы тәулік бойы беріледі. Егер пойыз 3 сағаттан артық кешіксе жолаушыларға SMS хабарлама жіберіледі», - делінген хабарламада.
Одан бөлек, ресми ақпаратта айтылғандай, пойыз билеттерін кері қайтару жайлы мәліметті +7 (707) 270-36-64 (WhatsApp) нөмірінен білуге болады.
«Кешіккен пойыздың әр сағаты үшін билет құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төленеді. Пойыз 6 сағаттан артық кешіксе, мейрамханада тегін тамақ беріледі. Сол сияқты вокзалдардағы тамақтану орындары мен сауда нүктелерінің, санитарлық аймақтардың (әжетханалардың) үздіксіз жұмыс істеуі бақылауда», - деп хабарлайды Қазақстан темір жолы.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!