Түркістан облысында жолға шыққан 4 азамат жоғалып кетті
Қазығұрт ауданындағы қойшы ауылдан жолға шыққан 4 азаматты іздеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
21:00 04.01.2023
Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Талғат Досалиевтың айтуынша, өңірде 3 қаңтар күні оңтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен қатты жел тұрған.
Таулы аудандарда қар аралас жаңбыр жауып, асуларда желдің екпіні 30 м/с-тан асқан.
Боранды күні Қазығұрт ауданындағы қойшы ауылдан жолға шыққан 4 азамат қайтып оралмаған.
Қазір оларды іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іске 4 техника мен 5 адам жұмылдырылған.
«Төлеби ауданы Абай ауылы Кемеқалған көшесінде қатты желдің салдарынан орташа қысымды жерүсті газ құбырына ағаш құлап, 80 абонент газсыз қалды. Сонымен қатар, Қошқар ата көшесінде 100 абонент көгілдір отыннан ажыратылған. Бұл мәселе бойынша «Қазтрансаймақ» АҚ қызметкерлерінің көмегімен газ беру жұмысы қалпына келтірілді. Сондай-ақ, Арыс қаласында қар аралас жаңбырдың толассыз жаууынан 20 тұрғын үйдің ауласына су кірген. Төтенше жағдайды қалпына келтіру үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті 1 техника, 2 мотопомпа, 9 адам жұмылдырды. Бұдан өзге, департаменттің 25 қызметкері, 5 техникасы жұмылдырылып Созақ, Бәйдібек аудандарында қар құрсауында қалған 10 жеңіл автокөлік, 2 жолаушылар автобусы мен 4 жүк автокөлігі шығарылып, 92 адам құтқарылды», - деді Талғат Досалиев.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!