Ұлттық банк төрағасы инфляцияның өсу себебін айтты
Инфляцияның орнықты бөлігінің жоғары болып қалуы алаңдаушылық тудырып отыр.
16:19 13.01.2023
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті.
«Инфляция болжамдық траекториямен қалыптасуда. Тұтыну бағаларының айлық өсуі баяулап, былтыр желтоқсан айында 1,2 пайызды құрады. Еске сала кетейін, айлық инфляция қыркүйекте – 1,8, қазанда – 1,6, қарашада 1,4 пайызды құраған. Бірақ айлық инфляцияның төмендеуіне қарамастан, ол орташа жылдық мәндерден асып, жоғары күйінде қалды»,- деді Ұлттық банк төрағасы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Ғалымжан Пірматовтің айтуынша, 2022 жылдың желтоқсан айындағы жылдық инфляция 20,3 пайызды құрады. Азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ең жоғары өсімді көрсетті. Ақылы қызметтердің инфляциясы өзгеріссіз қалды. Оған тұрғын үйді жалдау құнының төмендеуі және реттелетін бағалардың баяу өсуі әсер етті.
«Инфляцияның орнықты бөлігінің жоғары болып қалуы да алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл проинфляциялық ортаның сақталуын көрсетеді. 2022 жылдың соңындағы маусымдық факторды ескермегендегі базалық инфляцияның жылдық көрсеткіші 22,2 пайызды құрады. Инфляциялық күтулердің қарқыны басым. Олардың мәні желтоқсан айында сауалнама жүргізілген сәттен басталған уақыт ішіндегі максимумды жаңартты. Инфляцияны медианалық бағалау 21,3 пайызды құрады. Сауалнама деректері бойынша, азық-түлік бағасының өсуі, сыртқы жағдай мен отын бағасы инфляцияның өсуіне себеп болды. Жоғары инфляциялық күтулер инфляцияның болашақта баяулап, төмендеуіне себеп болуы мүмкін», - деді ол.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!