Түркістан облысында мектеп директорларын тағайындау конкурсы тікелей эфирде өтті
Түркістан облысында мектеп директорларын тағайындау конкурсы тікелей эфирде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
08:02 20.01.2023
Бүгін Түркістан облысында білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау конкурсының «Әңгімелесу» кезеңі өтті. Басты ерекшелік – конкурстың шешуші кезеңі фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирде жүргізілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев білім ұяларының басшыларына, жалпы ұстаздарға маңызды жауапкершілік жүктелгенін, басшыларды тағайындау әділ жүргізілуі тиіс екенін айтты.
«Білім ұйымдарының басшыларын іріктеу әділ әрі ашық жүргізілуі тиіс. Бүгінгі конкурс барысы әлеуметтік желіде тікелей көрсетіліп жатыр. Комиссия құрамына да білікті азаматтар тартылды. Комиссия әрбір үміткерге терең талдау жүргізіп, біліктілігіне, парасаттылығына, адами болмысына әділ бағасын беруі тиіс», – деді Бейсенбай Тәжібаев.
«Әңгімелесу» кезеңіне 53 үміткер қатысуда. Олар 35 мекемеге басшы болудан үмітті. Үміткерді бағалау ашық дауыс беру арқылы өтуде. Сонымен қатар бағалау парағы қоса тіркеледі.
Айта кетерлігі, талапқа сәйкес үміткерлер «Әңгімелесу» кезеңіне дейін конкурстың құжат тіркеу, тест, қамқоршылық кеңестен келісім алу кезеңдерінен өткен. Олардың арасында еңбек өтілі 30 жылдан асқан аса тәжірибелі ұстаздар да бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!