Петропавлда екі бала иіс тиіп, уланды
Петропавлда пешті дұрыс қолданбаудың салдарынан екі бала иіс тиіп уланып қалды.
16:32 24.01.2023
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт қадағалау басқармасының бастығы Аслан Ахметжановтың айтуынша, оқиға 23 қаңтар күні Петропавлдағы Смирнов көшесіндегі жер үйлердің бірінде болды. 7 және 4 жастағы екі бала пештен иіс тиіп уланды. Олар бірден облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір жағдайлары орташа, ем алып жатыр.
«Балалардың улануына пеш мұржасын ерте жауып тастау себеп болған. Үйде балалардың жанында 30 жастағы анасы болған, келіншектің жағдайы жаман емес, тұрақты», - дейді Аслан Ахметжанов.
Жалпы СҚО-да жыл басталғалы 37 өрт тіркелді. Өткен жылы 27 өртте бір адам мерт болды. Сондай-ақ биыл 6 адам өрттен қаза тапты. 2 адам түрлі дене жарақатын алды. 4 адамға иіс тиіп уланды, олардың біреуі қайтыс болды.
Өрт жағдайларының көбеюіне байланысты өңірде 14 қаңтардан бастап өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері мен жергілікті билік өкілдері үй-үйді аралап, пештердің дұрыстығын тексеруде және қауіпсіздік туралы айтуда.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!