Атырау облысында 5 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 6 адам құтқарылды
Атырау облысында 5 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 6 адам құтқарылды, оның 4-куі бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фото: gov.kz
14:09 25.01.2023
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2023 жылғы 24 қаңтарда сағат 17:24-те Атырау қаласында 5 қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы шақыру келіп түскен.
Өрт сөндіру бөлімшелері келгеннен кейін 2-қабаттағы пәтер жанып жатқаны анықталды. 30 шаршы метр алаңда жатын және ас үй бөлмелері, жиһаз және тұрмыстық техника өртенді.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері автосатының көмегімен және баспалдақпен 5-қабаттан 6 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды.
«Сыртқы бақылаушы үшін мұның бәрі өте қарапайым көрінеді. Шындығында, көзге көрінбейтін көптеген қиындықтар бар. Мұндағы басты міндет - автосатыны биіктіктегі қажетті нүктеге жылдам, нақты және дәл қою. Бұл жерде автосаты операторының жұмысы үлкен рөл атқарады және бұл жағдайда ол өте жақсы жұмыс істеді. Нәтижесінде 6 адам өрттен құтқарылды», - делінген хабарламада.
Өрт салдарынан күйік алған 1969 жылы туған пәтер иесі мен 1964 жылы туған әйел облыстық ауруханаға жатқызылды (дене күйіктері нақтылануда).
Өрт сағат 17:44-те сөндірілді.
Атырау облысы ТЖД күштері көрші пәтерлерге өрттің таралуының алдын алды. Өрттің себебі анықталуда.
Өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД 8 қызметкері мен 3 бірлік техникасы жұмылдырылды.
«Құрметті Атырау облысының тұрғындары мен қонақтары! Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады! Тұрмыстық техника мен электр құралдарын қосулы қалдырмаңыз! Сақ болыңыз!», - деп ескерту жасады Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!