Нұрдәулет Қилыбай «Өзенмұнайгаз» компаниясының бас директоры болып тағайындалды
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры болып тағайындалды.
Фото: inbusiness.kz
19:21 25.01.2023
Нұрдәулет Игілікұлы Қилыбай 1978 жылы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келген.
Білімі жоғары. «Тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі инженер», «Қаржы және қаржы құқығы» маманы. 2018 жылы АҚШ-тың Бостон қаласында Stafford House халықаралық мектебінде білім алған.
Еңбек жолын 1999 жылы Маңғыстау тасымалдау бөлімшесі станциясының кезекшісі қызметінен бастаған. Кейін Астана станциясында кірме жолдары бойынша жүктерді қабылдап-тапсырушы, «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамынының бас маманы, бөлім бастығы, магистральды желілер дирекциясы басқарушысының көмекшісі қызметтерінде болды.
2005-2009 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Көлік және қатынас жолдары комитетінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, төрағаның орынбасары қызметін атқарған.
2009-2010 жылдары «Вокзал-сервис» АҚ президенті, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Жолаушыларды тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры болды.
2010-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Көлік және қатынас жолдары комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
2011-2012 жылдар аралығында «ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі, кейін осы акционерлік қоғамның Маңғыстау жолдары бөлімшесі филиалының директоры болды.
2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Көлік және қатынас жолдары комитетінің төрағасы қызметінде болды.
2013-2017 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ аппарат басшысы - атқарушы директоры, «ҚТЖ» ҰК» АҚ атқарушы директоры - «Жолаушылар тасымалдау» АҚ президенті, «Теміржолсу» АҚ Бас директоры - Басқарма төрағасы қызметін атқарды.
2018-2020 жылдары – Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары.
2020 жылдың маусым айынан бастап Ақтау қаласының әкімі лауазымында болды.
2022 жылдың қазан айынан бүгінге дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!