Досаев Алматыдағы ескі үйлерді бұзу туралы айтты
Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде ескі панельді үйлерді бұзуға қатысты ұстанымын айтты.
Фото: ашық дереккөзден
14:41 26.01.2023
Әуезов ауданының тұрғыны шаһар басшысынан құрылыс кезінде қала тарихын сақтап қалуды сұрады.
«Егер қалада жаңа тұрғын үй салуға және тағы басқасына рұқсат берілсе орталыққа тиіспеңіздер, өйткені бұл біздің тарихымыз, алматылық ретінде мен үшін өте маңызды», - деді ол.
Өз кезегінде Ерболат Досаев тұрғынға ұсынысы үшін алғысын білдіріп, былтыр құрылысқа қатысты жаңа нормалар қабылданғанын атап өтті.
«2018 жылдан бастап қаланың нүктелі және тығыздығын шектейтін нормалар қабылданып жатыр. Жаңа жобалардың барлығы Алматы қаласының қала құрылысы кеңесінде қаралады. Орталықты қазіргі қалпында сақтаймыз десек, онда 1960, 1940 жылы салынған коммуникациялармен өмір сүріп жатқан адамдарды ұмытпауымыз керек. Біз тарихи келбетті барынша сақтауға тырысамыз, бірақ модернизация сөзсіз жүзеге асады, өйткені адамдар басқалар сияқты өркениеттің барлық игілігін қолданғысы келеді», - деді ол.
Айтуынша, панельді үйлерді жаңарту мүмкін емес, оларды бұзу керек.
«Кезінде Алматы үй құрылысы комбинаты салған бұл үйлер тарих, бірақ оларды бұзу керек деп ойлаймын. Өйткені 25 жылдан астам уақыт бойы біз өскен ықшамаудандардағы панельді үйлер ұзаққа төтеп бере алмайды. Тіпті ол үйлердің қабырғасына дюбельді де қаға алмайсың. Қала жаңартылады, тарихи келбетін сақтаймыз, бірақ жаңарту бағдарламасы, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту толығымен жүзеге асады», - деді Ерболат Досаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!