Алға қаласындағы өрттен соң аудан мен 7 ауыл жарықсыз, сусыз қалды
Ақтөбе облысы Алға ауданының орталығы Алға қаласы мен жақын маңдағы 7 ауыл жарықсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
15:37 08.02.2023
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе облысындағы Алға ауданындағы электр стансасы өртенді. Өрт кезінде жараланған ешкім жоқ.
Құтқарушылар оқиға орнына барған соң ғимараттың кіреберіс қақпасын бұзып ашты. Өртті сөндіру кезінде барлық қауіпсіздік ережесі сақталды. Көбік шашты. Құтқарушылар өрттің көршілес қосалқы станса секциясына тарап кетпеуін қамтамасыз етті. Алдын ала деректер бойынша өрт алаңы – 50 шаршы метр.
Өрттен кейін аудан мен бірнеше ауыл жарықсыз қалды.
«Бір сағаттың көлемінде жарық қосылады. Резервтік трансформатор бар. Қазіргі уақытта ауданға қарасты 7 ауылда және Алға қаласы жарықсыз. Аталған мәселе облыс басшылығының бақылауында», - деді облыс әкімі аппаратты басшысының орынбасары Ержан Байтанаев.
Айта кетейік, ауданда электр жарығымен қатар ауыз су да жоқ. Облыстық ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, электр стансасында 20 тонна май болған. Оны суытып, өрттің одан әрі өршуіне жол бермеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!