Алматы қаласының мәслихаты депутаттығына 153 үміткер ұсынылды
Алматы қаласының мәслихатына барлығы 42 депутат сайланады.
Фото: Vlast.kz
13:09 10.02.2023
Қазір кандидаттарды ұсыну жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айтуынша, қалалық мәслихатқа 42 депутат сайланады. Оның 21-і бір мандаттық аумақтық сайлау округтерінен, 21-і партиялық тізім бойынша дауыс жинайды. Қазір 6 саяси партияның тізімдерімен 153 кандидат ұсынылды.
«Атап айтқанда, «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі 42 кандидат, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі – 20, «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы – 63, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі – 6, «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі – 15, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі 7 үміткер ұсынды», - дейді Айгүл Қалықова.
Спикердің айтуынша, саяси партиялар құжаттарды «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес ұсынды. Әрбір партиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмағандар саны – кемінде 30 пайыз.
«Алматы қаласы мәслихаты депутаттарын сайлау бойынша 21 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 210 кандидат ұсынылды. Орташа есеппен бір мандатқа 10 адамнан келеді. Ең үлкен бәсекелестік 4-округте – бір орын үшін 19 адам. Ұсынылған кандидаттардың 166-сы ер, 44-і әйел адам. Ең жас кандидат 21 жаста болса, ең үлкені 1947 жылы туған», - деп атап өтті ол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!