Маңғыстауда 1,5 мың адам жануарлардан зардап шеккен
Өткен жылы 1500-ден астам маңғыстаулық жануарлардың тістеуі мен тырнауынан зардап шеккен. Олардың барлығына антирабиялық екпе салынған, деп хабарлайды ҚазАқПарат.
Фото: media.canal3.md
09:03 13.02.2023
Спикердің айтуынша, індет қоздырғышы сау адамға және малға құтырған иттен, қасқырдан, түлкіден, қарсақтан, мысықтан тістеген уақытта сілекей арқылы жұғады. Аталған ауруға шалдыққанда тістеген жер ауырып, ысиды. Алқынып демалып, түрі жаңа жылаған адам сияқты болады. Аузының сілекейі қоюланып, желімдене береді. Адамды үрей билейді, ашуланшақ келеді, құтырынып алас ұрады, судан қорқады, талмасы ұстап, денесі құрысып сал болып қалады.
«Аурудың тез өршуі жарақаттың тереңдігі мен ондағы вирустың мөлшеріне тығыз байланысты. Сондықтан, жануарлардан зардап шеккен жағдайда жарақат орнын сабынды таза сумен жуу керек. Содан кейін жарақат айналасын спиртті ерітіндімен залалсыздандырып, медициналық мекемеге жүгініп, антирабиялық екпе алу қажет. Құтырма ауруының алдын алу және өлімнен құтқарудың жалғыз әдісі – құтыруға қарсы екпе алу», - дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев.
2022 жылдың күз айларында облыс бойынша барлығы 59 310 жануарға құтырмаға қарсы вакцина салынған. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 5 450, ұсақ мал – 19 400, жылқы – 8 250, түйе – 22 980, ит – 2 900 және 330 мысыққа отандық препарат «Биотрон Групп» ЖШС вакцинасы қолданылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!