Павлодарда екі мектептің оқушылары мен мұғалімдері эвакуацияланды
Павлодарда екі мектептің оқушылары мен мұғалімдері эвакуацияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
14:17 13.02.2023
Белгілі болғандай, барлығы шұғыл түрде мектеп ғимаратынан көшеге шығарылған. Эвакуация кезінде түсірілген видео жергілікті қоғамдық әлеуметтік желілердің парақшаларына тарап кеткен.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 13 ақпанда таңертең № 34 орта мектептің директоры полицияға хабарласып, мектептің электронды поштасына мектепте "снаряд" бары туралы хабарлама келгенін айтқан.
"Оқиға орнына барлық қызметтер жіберілді. Ғимарат тексерілді. 1115 адам, оның ішінде 950 оқушы эвакуацияланды. Сондай-ақ, № 35 орта мектептен 1000-ға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Жарылғыш заттар бойынша мамандар ғимараттардан күдікті және жарылғыш құрылғылар таппады. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген ҚР ІІМ Telegram-каналында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!