Риддерде төтенше жағдай алынып тасталды
Риддерде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша үш айдан бері қолданыста болған жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі алынып тасталды.
Фото: АО "Риддер ТЭЦ"
15:47 16.02.2023
Бұл туралы аймақ басшысы Instagram парақшасында жазды.
"Бүгін Риддер жылу электр орталығының жаңа инвесторларымен кездесу өткіздім. Бірден айта кетейін, он күн ішінде жылу орталығының жаңа иелері жөндеу жұмыстарының толық кестесін ұсынумен қатар қажетті жабдықтар мен компоненттердің, мамандардың тізімі мен санын көрсетуі қажет. Төртінші және бесінші қазандықтарға, көмір берудің резервтік трактісіне, өрттен зардап шеккен Орталық ғимаратының өзіне ерекше назар аударуы шарт. Барлық жабдықтар мен желілер күрделі жөндеуді қажет етеді, сондықтан кесте осы мәселелердің бүкіл блогын қамтығаны дұрыс. Станция қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайларына баса назар аудару маңызды, ол үшін аспирация және желдету жүйелерін жөндеу керек.
Жөндеу жұмыстарынан басқа Қаражыра көмір кеніші алдындағы дебиторлық берешекті өтеу кестесін жасауды да естен шығармаған жөн. Риддер қаласының барлық тұрғындарына үлкен алғыс айтамын. Қиын жағдайда дүрбелеңге салынбай, жоғары түсіністік танытты. Риддер қаласы әкіміне жылу электр орталығы тоқтаусыз істеп тұруына байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін алып тастауға тапсырма бердім", - деп сөзін түйіндеді Даниал Ахметов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!