ШҚО-да адамдар мінген автобусты қар көшкіні басып қалды
«Қазселденқорғау» кәсіпорнының өкілдері Шығыс Қазақстан облысында тау арасында автобус тап болған оқиғаға түсінік берді.
Фото: Видеодан алынған кадр
10:40 21.02.2023
Оқиға 18 ақпан күні Глубокое ауданындағы «Изумрудный» шипажайының маңында болған.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» ММ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы басшысының орынбасары Советбек Станбековтың айтуынша, дәл осы учаскеде бұған дейін үш рет жасанды жолмен қар көшкіні түсірілген.
«Қар көшкіні түсірілгеннен кейін де тау бөктерінде қар қалады. Оған қоса сол күні қатты жел соғып тұрды. Жолға құлаған қар биіктігі 15-20 сантиметрге жеткен. Автобус сол жерде қарға батып қалған болуы керек. Қар көшкіні жүрген жоқ. Себебі көшкін автобусты басып қалса сонша адам ол жақта емін-еркін жүре алмас еді, автобус бірден жол жиегіне шығып кетер еді», - деп түсіндірді ол.
Советбек Станбеков сол күні кешкі сағат 18.00-де филиал қызметкерлерінің оқиға орнына келіп жеткенін мәлім етті.
Түнгі сағат 02.00-ге дейін патрульдегенде қар көшкіні жүрмеген.
Айта кетейік, «Изумрудный» шипажайы Өскемен қаласынан 30 шақырымдай жерде орналасқан.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!