Алматы облысында газға қосылу құны 2 есе арзандады
Алматы облысында газға қосылу құны 2 есеге арзандады. Бұл туралы аталған облыстың әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фото: Kapital.kz сайтынан алынды
12:41 22.02.2023
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңір басшысынан: «Облыс халқынан газға қосылу құны жоғары деген шағымдар түсуде. Бұл Қарасай, Талғар, Еңбкшіқазақ аудандарында. Осы мәселені шешу бойынша қандай іс-шаралар қабылдайсыздар?», - деп сұраған еді.
Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша, облыстағы 384 елді мекеннің 294-і газдандыруға жатады. Оның 147-сі, яғни 51 пайыздан астамы газандырылған. 1 млн 107 мың адам немесе 73,5 пайызы газға қол жеткізді.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2022 жылы 2,7 млрд теңгеге 4 жоба іске асырылды. Өткен жылы жеке инвесторлардың есебінен жүргізілген құрылыс жұмыстарының арқасында 129 елді мекен газдандырылды. Бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілері өндіретін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаны дербес белгілеп отыр. Өйткені, баға Үкімет тарапынан реттеуге жатпайды. Бұл ретте азаматтарды газға қосу бағасын төмендету мақсатында әкімдік облыс прокуратурасымен және газға қосу қызметін жүзеге асыратын ұйымдармен бірлесіп, газға қосу бағасын 350 мың теңге шегінде белгілеу туралы келіссөздер жүргізді. 10 мекеме келісімін берді. Олардың нарықта 35 пайызға дейін үлесі бар», - деді облыс басшысы.
Осы ретте Үкімет басшысы «Алматы өңірінде газға қосылу бағасының 2 есеге арзандады ма?», - деп нақтылау сұрағын қойды.
«Иә, арзандады десек те болады», - деп жауап берді өңір басшысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!