Еңбек министрлігі табысы жоқ жастарды SMS-хабарлама арқылы жұмысқа тартпақшы
Жұмыспен қамту орталығының мамандары кірісі жоқ 12 мың жасты SMS-хабарлама арқылы жұмысқа тартпақшы.
Фото: Pixabay
12:47 22.02.2023
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Олжас Ордабаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«13 ақпанда «Отбасының цифрлық картасы» аясында кірісі жоқ 12 мың жасты анықтап, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері туралы SMS-хабарламаның алғашқы легі жіберілді. Нәтижесінде SMS-хабарлама алған адамдардың ішінен 4,8 мыңнан астамы электронды еңбек биржасына кірген. Тағы 360 адам Call-орталыққа хабарласқан», - деді ол.
Олжас Ордабаевтың айтуынша, осындай SMS алғандардың ішінде 101 адам жұмысқа орналасып, 39-ы кәсіпкерлік негіздерін оқып бастаған.
«Қазіргі таңда халықты жұмыспен қамту орталықтарының мамандары SMS алған алғашқы 12 мың адамға жұмыспен қамту бағытындағы белсенді шараларға тарту үшін қоңырау шалып жатыр», - деді вице-министр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!