АҚШ-та күдікті қылмыс орнына оралып, журналистерге оқ жаудырды
АҚШ-та қылмыскер адам өлтірген жерге қайта оралып, репортаж жасап жатқан журналисті атып өлтірді. Кейін жақын маңдағы үйге кіріп, анасы мен қызына оқ атты.
18:16 23.02.2023
Оқиға Флорида штатының Орландо қаласында болған. Жергілікті Spectrum News 13 телеарнасының екі журналисі өз көлігінде өлтірілген 20 жастағы әйел туралы репортаж жасап жатқан кезде күдікті оқиға орнына қайта оралған. Ол тілшілерге оқу жаудырып, бірін мерт қылған.
Қаруланған күдікті – 19 жастағы бозбала.
Ориндж округінің шерифі Джон Мина баспасөз конференциясында мәлім еткендей, журналистерге шабуыл жасағаннан кейін күдікті – Кит Мозес көрші үйге кіріп қызы мен анасына оқ атқан. Қыздың анасы – ауруханада, жағдайы – ауыр. Екінші тележурналист те жаралы.
Шерифтің айтуынша, күдікті бұған дейін де бірнеше қылмыс жасаған. Атап айтқанда, бұрын атыс қаруын пайдаланғаны, өте ауыр хәлге жеткізіп ұрып-соққаны, қарумен шабуыл жасағаны, баса көктеп кіріп ұрлық жасағаны, ірі көлемде ұрлық қылғаны үшін айыпталған болатын.
Полиция дерегінше, шабуыл жасаған адам алғашқы құрбаны – 20 жастағы қызбен таныс болған. Алайда репортерлерге де, тоғыз жасар қыз бен оның анасына да қатысы болмаған. Әзірге оның көрші үйге неліктен кіргені белгісіз.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!