Қатар дамымаған елдерге көмек ретінде $60 млн бөледі
Қатар ең аз дамыған елдерге арналған Доха бағдарламасын қолдауға $60 млн бөледі. Бұл туралы Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
09:17 06.03.2023
«Мен жалпы сомасы 60 млн доллар қаржылай қолдау көрсетілетінін ресми мәлімдеймін, оның ішінде ең аз дамыған елдерге арналған Доха іс-қимыл бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыруға $10 млн және бағдарлама жоспарлаған нәтижелерді қолдау мен аз дамыған елдердің тұрақтылығын арттыруға 50 млн доллар бөлінеді», - деді Қатар әмірі Дохада өткен Аз дамыған елдер бойынша БҰҰ-ның Бесінші ашық конференциясында.
Сондай-ақ, ол халықаралық қауымдастықты Қатардан үлгі алуға, Доха бағдарламасын жүзеге асыруды қолдау үшін «бастама көтеруге» шақырып, мұны аз дамыған елдердің халқы алдындағы «гуманитарлық парыз» деп атады.
Доха іс-әрекет бағдарламасы – 2022 жылдың наурызында келісілген аз дамыған елдерді дамытуға арналған жол картасы. Онда негізгі алты бағыт көрсетілген: кедейлікті жою; ғылым, техника мен инновация әлеуетін пайдалану; құрылымдық өзгерістерді қолдау; халықаралық сауда мен өңірлік интеграцияны дамыту; климаттың өзгеруі мен пандемиядан кейін қалпына келтіруге байланысты іс-шаралар қабылдау; халықаралық ынтымақтастықты іске қосу.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!