Атырауда алқабилер 21 адамға қатысты қылмыстық іске шешім шығарды
Атырауда алқабилер 21 адамға қатысты қылмыстық іске шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
13:17 07.03.2023
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен 21 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұған сотталушылардың бірінің өтініші негіз болған.
Күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 7,9-тармақтары, 24-бабының 3-бөлігі - 99-бабының 2-бөлігінің 1,7,9-тармақтары, 107-бабының 2-бөлігінің 4,5-тармақтары, 434 және 432-бабымен айып тағылған.
«2021 жылғы 30 қазанда сағат 19.00 шамасында Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында жәбірленушілер мен сотталушылардың арасында төбелес басталып, арты атысқа ұласқан. Жәбірленуші К. оқ жарақаты салдарынан қаза болған. Ал, жәбірленушілер Е., А., И., К., Б., Т. әртүрлі дәрежедегі оқ жарақатын алған. Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалар қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен және заттай дәлелдемелермен толықтай дәлелденді», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Прокурор сотталушыларға 2 жыл 6 айдан 18 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынған. Ал, жәбірленуші тарап сотталушыларға ең ауыр жазаны тағайындауды сұраған.
Соттың алқабилер құрамы қабылдаған шешімімен сотталушы Б. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 7,9-тармақтарымен, 24-бабының 3-бөлігі-99-бабының 2-бөлігінің 1,7,9-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған 16 жыл, У. 24-бабының 3-бөлігі-99-бабының 2-бөлігінің 1,7,9-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы Т. 293-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сотталушылар Б., Б., Ө., Қ.-ға ҚР «Рақымшылық туралы» Заңына сәйкес, түпкілікті 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сотталушы С. Қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-бөлігінің 4,5-тармақтарымен кінәлі деп танылып, ҚР «Рақымшылық туралы» Заңына сәйкес жауаптылықтан босатылды. Сотталушылар Т. және Ә.-ге ҚР «Рақымшылық туралы» Заңына сәйкес, түпкілікті 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Ал, Ж., С., М., К., Б., Д., М., К., А., К., У. Қылмыстық кодекстің 434-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағандары дәлелденбеуіне байланысты ақталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында ауыл жастарының арасында атыс болғанын, кейін жарақат алған бір адам ауруханада көз жұмғанынжазған едік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!