Енді «Дарын» сыйлығына 35 жасқа дейінгілер де өтініш бере алады
ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен «Дарын» сыйлығын беру және «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау ережелеріне өзгерістер енгізілді.
Фото: gov.kz
15:49 07.03.2023
«Халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ инновациялық бағытта қызмет атқаратын және тұтастай қоғамның дамуына ықпал ететін 35 жастан аспаған ҚР азаматтары сыйлық алуға үміткер бола алады», - делінген құжатта.
Бұрын «Дарын» сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 29 жастан аспаған қазақстандықтарға тағайындалатын.
Сыйлықты әр номинация бойынша ең көп дегенде тек 2 үміткерге беруге рұқсат етіледі. Бұл жағдайда ақшалай сыйақы олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты бұрын алған азамат қайта өтініш бере алмайды.
Еске салайық, былтыр 8 желтоқсанда Сенат 35 жасқа дейінгілерді «жастар» санатына енгізу туралы заң жобасын мақұлдаған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!