Ақтөбеде су тасқыны кезінде бірнеше ауылға қатынас шектелді
Ақтөбеде Байғанин ауданының бірнеше ауылында қатынас шектелді. Себебі жолды су шайып кетті.
Фото: ашық дереккөзден
09:26 08.03.2023
Өңірде күн күрт жылып, арты жаңбыр, қарға ұласты. Салдарынан қала көшелерін су басты.
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі жолды су шайып кеткен.
«6 наурыздан 7 наурызға қараған түні «Қарауылкелді-Оймауыт» автожолының 63 шақырымында жол шайылып, Миялы, Оймауыт және Дияр елдімекендеріне баратын тікелей жол жабылды. Еріген су ағыны төмендеген кезде қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Ауыл тұрғындарын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 7 наурыз күні таңертең Байғанин ауданының Ноғайты ауылына кіреберіс жол жартылай шайылды. Ноғайты елдімекеніне жол қатынасы тоқтатылды. Мұнда жолдың жамылғысын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дүкендер штаттық режимде жұмыс істеп тұр, азық-түлік қоры жеткілікті. Елдімекен арқылы теміржол өтеді, Ноғайты стансасы жақын орналасқан. Жағдай облыс әкімі Ералы Тоғжановтың жеке бақылауында», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Су тасқыны кезеңі басталған сәттен бері Ақтөбе қаласының, сондай-ақ облыстың бірнеше ауданының тұрғындарынан 410 өтінім келіп түсті. Ақтөбе қаласында осы кезеңде келіп түскен 295 өтінімнің 280-і пысықталды. Тәулік бойы қала көшелерінде 120-дан астам техника жұмыс істеп жатыр. Бір тәулікте 16 мың текше метрден астам су сорылды, шамамен 2 шақырым арық тазартылды, 42 текше метр инертті материалдар әкелінді. Тәулік бойы қала көшелерінде 120-дан астам техника жұмылдырылған. Жалпы өңірде еріген қар суын сору жұмыстарына 500-ден астам адам, 143 бірлік техника және 33 мотопомпа тартылды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!