Алматы облысында есірткі зертханасы анықталды
Алматы облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Еңбекшіқазақ ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, Бөлек ауылының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде синтетикалық есірткі құралдарын өндірген зертхананы анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Фото: polisia.kz
11:54 10.03.2023
«6 наурызда арнайы операция жүргізу кезінде Қарағанды облысының тумасы, 29 жастағы күдікті ұсталды. Тінту барысында үй аумағынан шыны колбалар түріндегі жабдықтар, кристалды нысандағы ақ түсті заттары бар науалар және прекурсорлары бар 15 канистр табылды және тәркіленді. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің белгілері бойынша Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының СДТБТ-да тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», – деп хабарлады Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Қазіргі уақытта процессуалдық шешім қабылдау үшін бірқатар сараптамалар тағайындалды.
Сондай-ақ полиция ұсталған адамның 2022 жылдың желтоқсан айының басында Telegram арнасында есірткі өндірумен байланысты жұмыс ұсынған белгісіз адаммен танысқанын атап өтті.
Аталған ұсынысқа келісіп, 2022 жылдың желтоқсан айының соңында Алматы облысының аумағына келген.
2023 жылдың қаңтарынан бастап ол Бөлек ауылына қоныстанып, өзінің заңсыз қызметін жүзеге асырған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!