«Самұрық-Энерго» токқа түскен жұмысшы туралы: Еңбек қауіпсіздігін сақтағанда аман қалар еді
«Самұрық-Энерго» АҚ еңбек күзеті департаментінің директоры Төлеген Максилов «Алатау Жарық Компаниясында» жоғары кернеулі токқа түсіп қайтыс болған жұмысшы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқПарат.
16:15 10.03.2023
«Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысында «Самұрық-Энерго» АҚ-ға тиесілі компанияларда болған қайғылы жайттардың себебі талқыланды.
«Алатау Жарық Компаниясында» жоғары кернеулі токқа түсіп қайтыс болған жұмысшының 8 жыл өтілі бар, тәжірибелі маман болған. Тереңірек зерттеген кезде дәл сол күні отбасымен, жұбайымен ұрсысқаны белгілі болды. Неге екені белгісіз, дәл сол учаскеге жеке қорғаныс құралдарынсыз, аяғына «кроссовка» киіп шыға салған. Шыққан да, негізінен кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыспен айналыса бастаған», - деді компания өкілі.
Әңгімеге қоғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев араласты.
«Ал жеке қорғаныс құралдарын киіп шықса, қайғылы жайт болмаушы ма еді?» деп сұрады ол.
Төлеген Максиловтың сөзіне қарағанда, жұмысшы еңбек қауіпсіздігін сақтаған болса, аман қалар еді.
«Онда ол тірі қалар еді. Өйткені аяғында арнайы аяқ киім болғанда бойынан электр тогы өтпес еді. Қолынан өте шығуы мүмкін еді. Ол «кроссовка» киіп шыққан», - деді «Самұрық Энерго» өкілі.
Болат Жәмішев ток соғу қаупі бар аумақта жұмысшының жалғыз әрекет етуге қалайша жіберілгенін сұрады.
«Ол жалғыз жұмыс істеп жүрген. Заңнамада оған рұқсат бар. Кейін біз де бұл мәселені көтердік. Бірақ, өкінішке қарай, заңнама ондай адамдарға жалғыздан жалғыз жұмыс істеуге рұқсат береді. Осы жағдайдан кейін біз қарымта шара қабылдадық. Қазір әр жұмысшының соңынан бейнебақылау орнату міндетті шара болып бекітілді. Яғни, адам өзін сыртынан бақылап тұрғанын білсе, қауіпсіздік талаптарын бұзбайды. Қауіпсіздік мәдениеті деген де осы», - деді Төлеген Максилов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!