Отбасы банкі алғашқы жарнаны 50%-дан 30%-ға дейін төмендетпек
Алдағы уақытта Отбасы банкінің салымшылары 30% басталатын алғашқы жарнамен құрылыс салушылардан тұрғын үй сатып ала алады.
Фото: shkolazhizni.ru
13:04 27.03.2023
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл басынан бері Отбасы банк қызметкерлері 8400 заем берді. Демек, күніне 150-160 адам қолжетімді несиеге өтініш беріп, қоныс тойын тойлайды. Берілген несиенің төрттен бірі Алматының үлесіне тиесілі. Сонымен қатар, қала тұрғындары жинақтау және одан әрі тұрғын үй сатып алу үшін күн сайын 100-ден астам жаңа депозит ашады. Алайда, оның бәрі мемлекеттік бағдарламалардың шарттарына сәйкес келмейді. Сол себепті, біздің инвесторларымыздың көпшілігі тұрғын үйді коммерциялық нарықтан сатып алады. Қазір біз құрылыс салушылармен бірге жаңа механизм әзірлеудеміз, оның басты құндылығы бастапқы жарнаны 50%-дан 30%-ға дейін төмендету. Құрылыс компанияларынан бөлінген субсидиялар оны азайтуға мүмкіндік беріп отыр», – деп түсіндірді «Отбасы банк» Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
Айтуынша, Алматыда осы әдіс бойынша Отбасы банк клиенттеріне қаланың 10 тұрғын үй кешеніндегі 850 пәтер ұсынылады. Тұрғындар өздеріне ұнайтын нысанды таңдап, «Баспана Маркет» порталында немесе банк бөлімшесінде пәтер брондатып, несиеге өтініш бере алады.
Сондай-ақ, Отбасы банк қазақстандық кәсіпорындармен бірге тағы бір өнім – «Корпоративті» бағдарламасын іске асыруда. Оның аясында компания өз қызметкерлерінің баспана мәселесін шешуге көмектеседі.
«Осы ынтымақтастық аясында несие мөлшерлемесі 7%-дан 8,5%-ға дейін (ЖТСМ 7,4%-дан) болады. Бұл ретте компания өз қызметкері үшін бастапқы жарнаның бір бөлігін жинақтауға көмектеседі. Ол 20% немесе тіпті 30% болуы мүмкін. Компанияның мұндай қолдауы жеке баспанаға апарар жолды айтарлықтай қысқартады, яғни жақын арада қоныс тойын тойлауға көмектеседі. Бұл Отбасы банкінің «Корпоративтік» өнімі кәсіпорындарға өз қызметкерлерінің баспана мәселесін жылдам шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл әлеуметтік пакетті нығайтып, құнды кадрларды ұстап қалудың бір жолы. Бүгінгі күні «Корпоративтік» өнімнің көмегімен Қазақстан бойынша 1000-ға жуық адам баспана сатып алуға мүмкіндік алды. Биыл кезекті қоныс тойын күтіп отырмыз», – деді спикер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!