Таразда 33 азамат қайта қамауға алынды
Таразда есепте тұрған 33 азаматты қайта қамау туралы сот шешімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
17:22 29.03.2023
Жамбыл облысында жыл басынан бері орын алған ұрлық-қарлықтың 70-80 пайызы есепте тұрғандардың қатысуымен жасалған. Құзырлы орган тарапынан пробациялық бақылау орнатылған азаматтар арасында қайта қылмыс жасаудың алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатқанымен, түзелу жолына түскендер қатары тым аз. Бұл туралы өңірдегі пробация қызметінің бастығы, әділет подполковнигі Әсел Кабулова айтып берді.
«Былтыр 2 мыңнан астам сотталған азамат пробациялық бақылаудан өтті. Дәл қазір Жамбыл облысы аумағында 1568 адам есепте тұр. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың саны – 15. Биыл 3 ай ішінде есепте тұрғандардың қатысуымен 14 қылмыс орын алды. Оның басым бөлігі ұрлық-қарлық фактілері.
Пробация қызметкерлері осы жайттарды ескере отырып, 100-ден аса материалды сотқа жолдады. Онда арнайы есепке алынса да, қайта қылмыс жасаған азаматтарды түзеу мекемесіне қамауға алу ұсынысы енгізілді. Соған сәйкес, 33 тұлғаға қатысты іс қанағаттандырылып, олар қамауға алынды«, – дейді ол.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, қарапайым халықтың өмір бойы тірнектеп жинаған дүние-мүлкі мен мал-жанына көз салатындардың көбісі бұрын сотты болған.
Айта кетейік, бұған дейін Тараздағы клубтарды өздерінің «күзет қызметін» пайдалануға мәжбүрлеген қылмыстық топ ұсталғанын жазған болатынбыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!