Алматыда такси жүргізушісі шетел азаматын 45 мың теңгеге алдаған
Алматыда шетел азаматын әуежайдан қонақүйге 45 мың теңгеге апарған таксист ұсталды.
18:36 19.04.2023
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 18 сәуір күні Алматы халықаралық әуежайындағы желілік полиция бөліміне Lufthansa әуекомпаниясының Франкфурт – Алматы бағытындағы рейсімен келген 43 жастағы Германия азаматы шағымданған.
Ол өзін әуежайдан қонақүйге қасақана жоғары бағамен, яғни 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісіне қатысты шара қолдануды сұраған.
Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында такси жүргізушісін анықтады. Ол Алматының 45 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам Германия азаматына такси қызметін ұсынып, Алматы қаласының халықаралық әуежайынан қаладағы Қонаев көшесінде орналасқан қонақүйге апарғаны үшін жоғары төлем алған.
«Такси жүргізушісі келтірген шығынды өтеді. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабының 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапқа тартылды», - деп хабарлады ведомстводан.
Германиялық азамат көлік полицейлеріне жоғары кәсібилік танытқаны және қаражатын кері қайтарып алуға үлес қосқаны үшін алғыс айтты.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 15 970 азамат жауапқа тартылды. Оның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін 880 азамат анықталған. Оның 243-і – заңсыз такси жүргізушілері.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!