Жаңаөзен қаласында болған төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған отбасыларға пәтер берілді
Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары кезінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев биыл 17 сәуірде көп қабатты тұрғын үйдегі жарылыс салдарынан көз жұмған жандардың отбасына барып, өзінің және компания атынан көңіл айтты.
Фото: t.me/qr_tjm
15:04 20.04.2023
Бұл туралы ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.
«Бұл өте ауыр жағдай. Сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз, мықты болыңыздар. Бастарыңызға сынақ түскен кезде біз шет қалмай, Президенттің тікелей тапсырмасымен баспанасыз қалған отбасыларға пәтер алып бердік. Осындай сын сағатта сіздер үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз», - деді ҚМГ басшысы көз жұмған тұрғындардың туыстарына көңіл айта келе.
Қазіргі уақытта төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған 9 отбасыға жанұядағы адам санына байланысты екі бөлмелі 2 пәтер, үш бөлмелі 5 және бес бөлмелі 2 пәтер сатып алды.
Осыған дейін Жаңаөзенде тұрғын үйде жарылыс болып, 11 адам зардап шеккені хабарланды. Кейінірек осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!