Ерлан Қарин бүгінгі Президент сөзінің негізгі түйінін тарқатып берді
Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі сессиясы аталған форумның еліміздегі маңызды саяси оқиғалардың бірі екенін анық көрсетті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деп пікір білдірді.
Фото: akorda.kz
12:54 27.04.2023
«Мемлекет басшысы Ассамблеяда сөйлеген сөзінде мемлекеттік құрылыстың іргетасы этносаралық келісім мен бірлікке негізделетінін аңғартты. Этносаралық қатынас бағытындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін кешенді міндеттер қойылды. Президент сөзінің негізгі түйіні мынандай тұжырымға саяды: жалпыұлттық бірегейлікті әлеуметтік-саяси, экономикалық және рухани құндылықтарды негізге ала отырып, табиғи әрі тарихи жолмен қалыптастыру және дамыту керек», - деп жазады Ерлан Қарин Telegram парақшасында.
Президенттің айтуынша, «біздің барша халқымыз өздерін үлкен және біртұтас қазақ ұлтының ажырамас бөлігі ретінде сезінеді», «ондағы әрбір этнос достықты, үйлесімділік пен келісімді нығайтуға баға жетпес үлес қосып отыр».
Осы орайда Мемлекет басшысы жалпыұлттық бірегейліктің нышандарын тағы бір мәрте атап өтті.
«Бірінші, азаматтық бірегейлігімізді танытатын көк төлқұжат. Бұл барлық азаматтың тең және мемлекеттің қорғауында екенін көрсетеді. Екіншісі, Қазақстанның тәуелсіздігін, оның ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мемлекеттілігін бейнелейтін аспан түстес көк байрақ», - дейді Мемлекеттік кеңесші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!