Атырауда 1,2 тонна балықты заңсыз тасымалдаған күдіктілер ұсталды
Атырау полицейлері 1,2 тонна балықты заңсыз тасымалдаған күдіктілерді ұстады.
14:02 28.04.2023
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі күдік Шарон өзенінде ұсталған.
«Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері «Бекіре – 2023» балық қорғау акциясы кезінде Құрманғазы ауданындағы Шарон өзенінен екі тұрғынды ұстады. 1987 және 1991 жылғы екі адам мінген қайықты тексеру кезінде жалпы салмағы 1 тонна 203 келіні құрайтын сазан, жайын, көксерке, құтықаракөз балықтары тәркіленді. Ұсталған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Атырау қаласының 33 жастағы тұрғынының үйінің ауласындағы сарайна тексеру жүргізілген.
Сарайдағы тоңазытқыштан 12 келі бекіре тұқымдас, 13 келіні қара балығы табылған.
Тәркіленген балықтар «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру зауытына тапсырылған.
Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен қылмыстық із қозғалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!