Президент Душанбеде өтетін Орталық Азия елдері басшыларының саммитіне қатысады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен бірлескен мәлімдемесінде Душанбеде өтетін Орталық Азия елдері басшыларының саммитіне қатысатынын растады.
Фото: akorda.kz
15:18 04.05.2023
«Келіссөз аясында өзекті өңірлік және жаһандық проблематикаға қатысты жемісті пікір алмасу өрбіді. Халықаралық аренадағы ұстанымдарымыздың жақындығы, көпжақты алаңдарда ортақ мүдделерді ілгерілетуге дайын екеніміз айтылды. Біз Орталық Азия өңірінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне жеке тоқталдық. Осы тұрғыда Ауғанстандағы қазіргі жағдайды талқыладық», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның тұрақты дамуы осы аймақтағы барлық бауырлас халықтардың мүдделеріне сай екенін атап өтті.
«Осы тұрғыда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері форматындағы тығыз өзара іс-қимылды әрі қарай жалғастыруға келістік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Душанбеде өтетін аймақ елдері көшбасшыларының саммитіне қатысатынымды растап, Тәжікстанның құрметті Президентіне осы шақыруы үшін алғыс білдіргім келеді», - деді Мемлекет басшысы.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!