Атырау облысында жемқорлардан алынған қаржыға 2 мектеп салынады
Атырау облысында жемқорлардан тәркіленген 6 млрд теңге екі мектептің құрылысына бағытталады.
Фото: ашық дереккөзден
14:29 06.05.2023
Атырау облыстық Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жемқорлардан алынған қаржыға әрқайсысы 600 орындық екі мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Оның бірі – мұнайлы шаһардағы Ақжар-2 шағынауданында орналасқан орта мектеп. Білім ордасының құрылысына 2,8 млрд теңге жұмсалады, Ал екінші мектеп Бірлік-2 шағынауданында салынады. Бұл мектептің құрылысын жүргізуге 3,2 млрд теңгені жарату көзделген.
Атырау облысында биыл 25 мектеп жаңартылады.
Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошевтің айтуынша, мектептер жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөндеуден өтеді.
«Атырау облысында 2021 жылы қала мен аудан орталықтарындағы, ауылдардағы мектептерді қайта жаңғырту қолға алынды. Биыл облыста 25 мектепте қайта жаңғырту жұмысы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 800 млн теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары кезінде мектептер пәндік кабинеттермен, жиһазбен жарақтандырылып, кітапханалары мен асханалары жаңартылады. Білім ордалары қауіпсіздік жүйесімен қамтылып, оқушылардың инклюзивті білім алуына мүмкіндік жасалады. Бұл жұмыс оқушылар жазғы демалысқа шыққан кезде басталып, жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деген еді Тілекқабыл Байдошев.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!