Алматыда қару мен есірткі сақтаған 44 жастағы азамат ұсталды
Алматы полицейлері Достық даңғылы мен Оспанов көшесінің қиылысында арнайы іс-шара жүргізді.
Фото: ашық дереккөзден
13:26 10.05.2023
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, рұқсат етілген жеке тінту барысында бұрын мүліктік қылмыс үшін сотталған 44 жастағы А. есімді азаматтан өсімдік тектес зат салынған полиэтилен түйіншек тәркіленді.
«Арнайы іс-шара қару ұрлау дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлігіне сәйкес қозғалған қылмыстық істі тергеу аясында жүргізілді. Кейін күдіктінің тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту кезінде сарайдан АК-74 автоматы мен ТОЗ-17 шағын калибрлі мылтығы табылды. Бұл қарудың нақты кімдікі екендігі және шығу тегін арнайы сараптама анықтайды. Сонымен бірге, А. есімді азаматқа есірткі сатқан 1970 жылы туған М. есімді азамат та ұсталды. Ол да тексерілді. Нәтижесінде өсімдік тектес заты бар полиэтилен байламы және күні, аты-жөні, қаржы сомасы жазылған жазбалар тәркіленді», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
Сондай-ақ, қалалық полиция департаментінде ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпараттар жария етуге жатпайтынын хабарлады.
«ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады», - деп хабарлады полицияда.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!