Қазақстанда есірткі қылмысы 5 пайызға төмендеді
Осы жылдың қаңтар-наурызында елімізде есірткі, психотропты немесе улы заттардың заңсыз айналымына байланысты 2,1 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.
Фото: ашық дереккөзден
14:13 10.05.2023
Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5,4 пайызға аз.
Finprom.kz порталының мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтың 69,7 пайызы немесе 1,5 мың оқиғасы есірткі заттарының заңсыз айналымына, яғни сатуға қатысты емес. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,4 пайызға төмен. Ал 502 жағдайда ескірткіні сату фактісі анықталды.
Аталған құқықбұзушылықтарды анықтау кезінде 160 көлік құралы, 5,2 мың қару, 11 жалған құжат, сонымен қатар жалпы сомасы 532,8 млн теңгені құрайтын, мүлік, қаражат және құнды заттар тәркіленді. 11 қара сора алқабы, 1 апиынның көкнәр алқабы және 1 жабайы қара сора егілген жер анықталып, жойылды.
Өңірлер арасында есірткі, психотропты немесе улы заттардың, олардың баламалары мен прекурсорларының заңсыз айналымымен байланысты қылмыстардың басым бөлігі Астана қаласында тіркелген. Елордада осы жылдың үш айында 277 оқиға тіркелді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 52,2 пайызға көп. Екінші және үшінші орындарда Алматы қаласы (246 оқиға) мен Жамбыл облысы (147 оқиға) тұр.
Биыл 1-тоқсанда есірткі, психотропты немесе улы заттардың, олардың баламалары мен прекурсорларының заңсыз айналымымен байланысты қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшн 1,1 мың адам ұсталды. Олардың 91-і бұған дейін қылмыс жасаса, бесеуі кәмелеттік жасқа толмаған, ал 52-сі – әйел.
Жыл басынан бері есірткі құрылымының 67 қатысушысы тұтқындалды. Заңсыз айналымнан 483,2 келі психотропты заттар, 11 келі героин, 32,8 келі апиын, 63,7 келі гашиш, 41,6 келі марихана, 17 тоннадан астам көкнәр шикізаты, 22 тоннадан астам химиялық реагенттер алынды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, жылдың басынан бері арнаулы қызметтер есірткі қылмысына қарсы 47 операция жүргізді. Оның ішінде Ресей, Қырғызстан және Австралияның құзіретті органдарымен бірлескен операциялар бар. 8 халықаралық, 14 өңірлік есірткі трафикі каналы, 8 өте ірі есірткі зертханасы жойылды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!