ШҚО-да 2 жасар бала терезеден құлап кетті
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында екінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен 2 жасар бала ауруханаға жатқызылды.
Фото: ашық дереккөзден
15:46 10.05.2023
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 9 мамыр күні Алтай қаласында болған.
«2 жасар бала екінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Абырой болғанда, бүлдіршін аман қалды. Қазіргі уақытта ол ауруханаға жатқызылды. Оқиға ата-анасының балаға дұрыс қарамауы салдарынан болды», - делінген ақпаратта.
Соңғы екі жылда облыс бойынша 4 бала терезеден құлаған. Оның ішінде екі жағдай биыл болып отыр.
Осы ретте, құтқарушылар көпқабатты үйлерде бала терезеден құламас үшін не істеу керектігін түсіндірді. Оқыс оқиғаның алдын алғыңыз келсе:
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз.
- Пәтер терезелеріне арнайы қорғаныс құралдары қойылуы тиіс.
- Бала өздігінен аша алмайтындай етіп терезе тұтқасын құлыптаңыз.
- Баланың терезе алдына шығуына жол бермес үшін жиһаздың барлық түрін терезелерден алысқа қойыңыз.
- Баланы терезе алдына шығарып, көшеде не болып жатқанын көрсетуге үйретпеңіз. Ол сіз жоқта соны қайталауы мүмкін.
- Балаларға ересектердің қарауынсыз балконға шығуға рұқсат бермеңіз.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!