Таразда 12 жасар қыздың асқазанынан 1 келіден астам шаш алынды
Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында Тараз қаласының 12 жастағы тұрғынына сирек диагноз қойылды. Қыздың асқазанында шаш кесегі (трихобезоар) жиналып қалған, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.
Фото: facebook.com/MinzdravRK
19:48 11.05.2023
Қыздың анасының айтуынша, іштің жиі қайталанатын ауырсынуынан, тәбеттің төмендеуінен, салмақ жоғалтудан кейінгі соңғы 6 айда олар емханаға гастроэнтерологқа барып, ем алған. Алайда нәтиже болмаған. Содан кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасының балалар хирургына жүгінді.
Ауруханада арнайы зерттеп-қараудан (УДЗ, іш қуысының КТ, ФГДЭС) өткеннен кейін асқазаннан бөгде зат табылды. Қыз шұғыл ауруханаға жатқызылды.
Аспаптық және зертханалық зерттеп-қарау нәтижесі толық дайын болғаннан кейін операцияға білікті мамандардың операциялық бригадасы - хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі Эльбрус Салпағаров, операциялық бөлімшенің меңгерушісі Қанат Дүйсебаев және анестезиолог Бақтияр Баялиев кіріседі.
Операция кезінде пациенттің асқазанынан шамамен 1,2 кг бөгде зат – трихобезоар (шаш кесегі) алынды. Мамандардың біліктілігі ішкі ағзаларға зақым келтірместен асқазан-ішек жолдарының тұтастығын сақтауда маңызды рөл атқарды.
Қазір қыз операциядан кейін оңалтудан өтіп жатыр. Анасының айтуынша, қыздың кішкентай кезінен шаш, жүннен жасалған бұйымдарды жейтін әдеті болған. Асқазан-ішек жолдарының трихобезоары - өте сирек кездесетін патология.
Сондықтан қазіргі іш хирургиясындағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады. Асқазанның безоары ауыр және өмірге қауіп төндіретін асқыну тудыруы мүмкін.
Ата-ана балалардың патологиялық мінез-құлық реакцияларына ерекше назар аударуы және жоғарыда аталған әдеттер болған жағдайда уақытты созбай, психолог (психотерапевт), невропатолог және гастроэнтерологқа қаралғаны жөн.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!