Қазақстанның Ресеймен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту ұстанымын растаймын - Тоқаев
Отандық журналистердің алдында геосаяси төңірегімізде болып жатқан оқиғаларды шынайы баяндау жауапты міндеті тұр. Бұл туралы Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығы мен гранттарын тапсыру кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
14:19 27.06.2023
«Отандық журналистердің алдында шетелде және де әрине, біздің геосаяси төңірегімізде орын алып жатқан оқиғаларды шынайы баяндауда жауапты міндет тұр. Сіздер жалпы бұл міндетті табысты орындап жүрсіздер. Мәселен, таяуда Ресейде болған алаңдатарлық оқиғаны жариялау кезінде солай болды. Біздің азаматтарымыз көтеріліс әрекетін шын мәнінде үлкен алаңдаушылықпен қабылдады. Бұл түсінікті де. Өйткені, Қазақстан мен Ресей арасында әлемдегі ең ұзын мемлекеттік шекара бар. Біз бірыңғай экономикалық кеңістікте тұрмыз. Бізді мыңдаған гуманитарлық байланыс пен қарым-қатынас біріктіреді. Бастапқы кезде-ақ менің тарапымнан Ресей Федерациясы Президентімен телефонмен әңгіме барысында оның конституциялық тәртіп пен заңдылықты сақтау және нығайтуға бағытталған іс-әрекетіне толықтай қолдау болатыны мәлімделді. Ресей мемлекетінің әлеуеті мен оның жалпыұлттық көшбасшылық тұлғасын ескере отырып, ешқандай күдік болған жоқ», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы тіпті Ресей Президентімен алдағы күзде болатын сапары да талқыланғанын атап өтті.
«Бүгін де мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Ресеймен ұзақмерзімді және тұрақты стратегиялық әріптестік форматындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қатысты қағидатты ұстанымын растаймын. Мұндай ұстаным халқымыздың мүддесіне толық сәйкес келетініне сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!