Заңгер әйелдің өлімі: Алматыда сот үкімінің күші жойылды
Алматыда апелляциялық сот заңгер әйел Айман Асанованың өліміне қатысты істі қайта қарауға жолдады, деп хабарлайды ҚазАқПарат.
Фото: © пресс-служба Госдумы
18:40 27.06.2023
Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясы алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күшін жойды. Онда сотталушы Нұртаевтің әрекеті қасақана кісі өлтіру (ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі) бабынан аса жоғары психикалық толқу жағдайында адам өлтіру (ҚК-нің 101-бабы) бабына ауыстырылған болатын.
«Апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық және іс жүргізу заңнамасының нормаларының сақталуын тексеріп жатыр және осы негізде алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің заңдылығын, негізділігін және әділдігін тексеруде. Процессуалдық нормалардың бұзылуы істі сот қарауына қайта жолдай отырып, үкімнің күшін жоюға негіз болды», - делінген Алматы қалалық сотының мәліметінде.
Сондай-ақ бүгін қорғаушы Жохар Өтебеков апелляциялық сотта жеңіске жеткенін мәлімдеді.
«Алматы қалалық соты Айман Асанованы өлтірген адамға қатысты жеңіл жазаның күшін жойды. Сот менің арызыммен толықтай келісті. Біздің фирма жұмысты жоғары деңгейде атқарды. Нұртаев тергеу изоляторында қалады. Жақында ол бостандыққа шығуы керек еді (жаза мерзімі аяқталды). Аудандық сот істі қайта қарайды. Судья да басқа, Майшинов емес. Қолдауларыңызға көп рахмет», – деп жазды адвокат.
42 жастағы әйелге шабуыл 2022 жылдың 8 қазанында сағат 23:00 шамасында қаланың Алмалы ауданында болған еді. Көптеген пышақ жарақаттымен әйел жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Алайда ол 12 қазанға қараған түні медициналық мекемеде қайтыс болды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген болатын.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аталған іске Нұртаевті кінәлі деп тауып, оны 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!