{metadescription}
Оралда алаяққа сенген зейнеткерлер 10,8 млн теңгесінен айырылды

Оралда алаяққа сенген зейнеткерлер 10,8 млн теңгесінен айырылды

Орал қаласында алаяқтарға сенген зейнеткерлер 10,8 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Бисеновтің мәлім еткеніндей, маусымның 17-сінен бастап қарияларды алдаудың 9 дерегі тіркелген.

Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде 2 дерек бойынша ҚР 190-бабына сәйкес күдіктілер анықталған. Қалғандары бойынша жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

Алданғандардың 8-і кейуана болса, біреуі – егде жастағы ер адам. Олар 10,8 млн теңгесінен айырылды.

«Алаяқтар белгісіз нөмірден хабарласып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, туысқаны жол апатына ұшырады немесе соның кінәсінен адам зардап шекті деп, оны жауапкершіліктен босату үшін белгілі бір көлемде ақша керектігін жеткізеді. Сосын қариялардың есін жиғызбай, ешкімге хабарласуына мүмкіндік бермей, талап еткен ақшаны курьер арқылы беріп жіберуін және ол келгенше телефон тұтқасын қоймауды сұрайды. Алаяқтар көбінде үй телефонына қоңырау шалып алдаған», - дейді Н.Бисенов.

Басқарма бастығы орынбасарының айтуынша, жыл басынан бері өңірде 410 алаяқтық қылмыс (өткен жылы осы мерзімде – 685) тіркеліп, соның 200-і анықталып, сотқа жолданды.

Жалпы, алаяқтықтық деректерінің алдын алу бағытында БҚО ПД бастығының бұйрығымен арнайы топ құрылды.

Арнайы компьютерлік техникамен жабдықталған, үздік полиция қызметкерлері, тергеушілер, жедел уәкілдерден құралған топ алаяқтарды анықтау, олардың әрекетіне жол бермеу үшін жұмыс жасауда.

Егер алаяқтардың қылмысы дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Егер біреулер осындай қоңырау шалса, кез келген сылтаумен әңгімені үзіп, сол туысқаныңызға хабарласыңыз. Егер оның телефоны өшірулі болса, басқа туыстарға қоңырау шалып, мәселені анықтап алыңыз. Полиция не прокуратура қызметкері олай қоңырау шалмайды. Ең бастысы, сақ болыңыз. Телефонды тастап, дереу алаяқтық туралы полицияға хабарлаңыз», - деді Нұрлан Бисенов.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде